Физика тұрғысынан шудан қорғау немесе көп пәтерлі үйде дыбыс оқшаулау қалай жұмыс істейді
Сұраққа қызығушылық танытқандардың барлығы дерлік көпқабатты үйдегі көршінің шуынан тас мақтадан жасалған дыбыс оқшаулау арқылы қорғануға болатынын біледі. Алайда мұндай жүйелердің қалай жұмыс істейтінін және қандай жағдайларда жұмыс істемейтінін бәрі бірдей түсіне бермейді. Мұның бәрі физика туралы: дыбыс толқындары, олардың таралу ортасы және берілу ерекшеліктері. Шумен күресудің теориялық жағы туралы ТЕХНОНИКОЛЬ компаниясының «Минералды оқшаулау» бағытының зерттеулер және даму жөніндегі директоры Александр Керник айтады.
Дыбыс толқындары туралы және одан тыс
Физика тұрғысынан дыбыс — бұл қатты, сұйық немесе газ тәрізді ортада толқын түрінде таралатын бөлшектердің тербелісі. Ол ауа арқылы да, су немесе қатты заттар арқылы да беріледі (біздің жағдайымызда қабырғалар, төбелер, құбырлар, батареялар және т.б.). Орта неғұрлым қатты болса, ондағы толқын жылдамдығы соғұрлым жоғары болады. Сондықтан ауа арқылы дыбыс баяу жүреді (343 м/сек), уақыт өте келе ол толығымен басылады. Суда бұл процесс үдейді (музыкасы бар бассейнге бару арқылы тексеруге болады), ал темірбетон құрылмаларда немесе құбырларда дыбыс бірден ғимараттың ең алыс бөліктеріне түседі.
Осыған байланысты құрылысшылар шудың бірнеше түрін ажыратады: ауа арқылы берілетін ауа шуы және қатты бетпен жанасқанда пайда болатын және оның тербелісін тудыратын соққы шуы. Соңғысына кейде діріл ғимараттың қатты элементтері бойынша жүретін құрылымдық шу да жатқызылады. Бұл жағдайда дыбыс оның көзі қайда орналасқанына қарамастан, бүкіл үйге таралады.
Ауа шуының ең көп таралған мысалы — қатты сөйлесу. Сөйлеуден туындаған дыбыс толқыны ауа арқылы ең жақын қабырғаға жетеді, содан кейін микродеңгейде бұл қабырғаны «тербете» бастайды. Дыбыстар көрші пәтерге пәтераралық арақабырғаның дірілі арқылы беріледі. Демек, бізге сөйлеудің өзі емес, қабырғаның оны «таратқаны» естіледі.
Әртүрлі жиілікте
Дыбыс толқындарының жиілігі әртүрлі болады. Адамның құлағы 20-дан 16 мың Гц-ке дейінгі дыбыстарды ажырата алады. 16 мың Гц-тен жоғары жиілік адам қабылдамайтын ультрадыбысқа жатады. 20 Гц-тен аз төмен жиіліктер инфрадыбыс болып саналады және біз оларды да естімейміз. Алайда олар адам ағзасына, кейде ең жағымсыз жолмен әсер етуі мүмкін. Мысалы, 7 Гц жиіліктегі дыбыс өлімге әкеледі, өйткені ол жүрек-қан тамырлары тербелістерінің жиілігіне сәйкес келеді.
Дұрыс дыбыс оқшаулау — бұл шулы көршілерден ғана емес, сондай-ақ адам естімейтін, бірақ оған әсер ететін діріл түрлерінен де қорғаныш.
Шу көпірі
Акустикалық көпірлердің пайда болуы қатты ортада дыбыстың таралу жылдамдығының жоғарылауымен байланысты. Мысалы, егер пәтераралық арақабырғада металл қосындысы болса, онда ол дыбысты жақсырақ таратады. Мұндай элементтер көбінесе қабырғаның екі жағына шығатын розеткалар, батареялар, су құбырлары және кәріз құбырлары болады.
Жақсы құрылыс салушылар дыбыс оқшаулағышты құбырлардың жабындар арқылы өтетін жерлерінде жүргізеді: тас мақтамен толтырылған арнайы металл гильзаны орнатады. Ол өтпелі тесікті жабады, құбырды қысады, оның тербелісін кешіктіреді және дірілді басады. Егер мұндай жүйе барлық жабын бойынша орындалса, онда шу әлдеқайда аз таралады.
Ауадан таралатын шудан қорғау
Ауадан таралатын шудан – дауыстап сөйлесуден, күлкіден, әндер мен музыкадан тас мақтамен толтырылған және сыртынан гипс-қатырма табағымен жабылған аспалы төбенің немесе қаңқалы қабырға құрылмасының көмегімен арылуға болады. Тас мақтадан, мысалы, қалыңдығы 5 см-лік жанбайтын ТЕХНОАКУСТИК тақталарынан және гипс-қатырманың бір табағынан тұратын жүйе орташа есеппен дыбыс күшін 8 дБ-ге азайтуға қабілетті.


Мұндай жүйеде дыбыстың жақсы оқшаулануына екі бірдей үдерістің — талшықты материалда (тас мақтада) дыбыс энергиясының ыдырауының және толқынның қатты материалға (гипс-қатырмаға) тиіп әлсіреуінің есебінен қол жеткізіледі. Алдымен дыбыс толқыны массивті элемент – қабырғадан немесе темір-бетонды жабыннан өтеді, содан кейін минералды мақтаға кіреді, онда талшықтар мен аралық ауа қабаттарынан алма-кезек өте отырып, шашырап ыдырайды, содан кейін және бір массивті элемент – гипс-қатырмаға ұшырасады. Яғни «масса-серіппе-масса» құрылмасы түзіледі. Қатты массивті материалды «тербетуге» тырысқан дыбыс толқынының өз энергиясы әлсірейді. Ал минералды мақтаға келіп түскенде – әр талшықты тербейді. Талшықтар бір-біріне үйкеледі және соның есебінен қызады. Дыбыс толқынының энергиясы энергияның сақталу заңы бойынша қыздыру энергиясына түрленеді. Осылайша, дыбыс толқыны құрылымы әртүрлі бірнеше элементтен өткен кезде, оның бір бүтін денеден (тіпті өте қалың, кірпіш қабырғадан да) өтуімен салыстырғанда көбірек энергиясы жоғалады, сәйкесінше дыбыс та тиімдірек басылады.
Қарауға кеңес береміз
Соққыдан таралатын шудан қорғау
Соққыдан таралатын (және құрылымдық) шудан қорғану қиынырақ, себебі бұл дірілдер тікелей құрылыс құрылмаларының бойымен – үйіңіздің қабырғаларымен, еденмен және төбемен таралады. Мұндай шу түріне әртүрлі тарсыл, өкшелердің тақылдаған дыбысы, үстіңгі қабаттағы пәтердің еденінде тұрған музыка колонкасының төмен жиілікті дыбыстары және т.с.с. жатады. Дұрысында одан құтылу үшін шу көзінің өзін оқшаулау қажет. Бір нұсқасы – гүрсілімен төмен қабаттағы тұрғындардың мазасын алатын көршіңіздің үйінде «қалқымалы еден» жүйесін орнату. Бұл құрылмада тас мақта, мысалы, қалыңдығы 30 не 50 мм ТЕХНОФЛОР СТАНДАРТ тақталары қолданылады, олар аралық жабынға төселеді, оның үсті тұтастырғышпен және фиништік жабынмен жабылады. Өзінің серпімділігі мен талшықты құрылымының арқасында минералды мақта қатты дыбыс оқшаулағышпен (көбіктелген полиэтилен немесе XPS) салыстырғанда дірілді жақсырақ басады. Мұндай жүйеде материал тек дыбыс толқынын жұтып қана қоймай, пішінін сақтай отырып, жүктемелерге де төзуі тиіс екенін ұмытпау маңызды.
Тынышырақ ету
Егер қабырғалардың немесе төбенің дыбысын оқшаулау үшін орнатылған қалыңдығы 5 см тас мақта мен бір гипс-қатырма табағынан тұратын құрылма жеткіліксіз болса, тағы бір гипс-қатырма табағын қосады. Дыбыс толқынына қосымша массивті элементтен өтуге тура келеді, сонда ол соңғы күшінен айырылады.
Монтаждау қателерінен, акустикалық өткелдердің және сапасы жеткіліксіз жабылған жанасқан жерлердің болуынан қалаулы нәтижеге қол жеткізілмейтін жағдайлар сирек емес. Тас мақта монтаждалатын қаңқаны орнатқан кезде, бағыттауыш профиль қабырғаға емес, еденге және төбеге бекітілуі тиіс. Ал қабырға мен торламаның арасында саңылау қалдырылуы және өзі жабысатын полиуретанды тығыздағыш таспа салынуы тиіс. Гипс-қатырма үстіңгі жағынан да, астыңғы жағынан да аралық жабынға жанаспауы тиіс. Бұл дірілдің берілуін болдырмайды.
Сонымен бірге гипс-қатырманы түйісу жерлерін ығыстырып орнату қажет. Яғни екінші қабат тақталарымен бірінші қабаттағы тақталардың түйіскен жерлері жабылуы тиіс. Гипс-қатырма бекітілетін бұрамашегелердің қалпақшалары ені 10 см етіп тегістеуішпен сыланады.
Электр сымын тарқатып жүргізу қажет боса, оны тас мақтаға орналастырған жақсы. Жылуұстағыш тілінеді де, ішімен кабель жүргізіледі, розеткалар да осылайша орнатылады. Бұл дыбыс оқшаулағыш қабатта тікелей өтіп тұрған саңылаулар түзілмеуі тиіс.
Кез келген істегі сияқты шуды оқшаулағанда да шамадан тыс кетпеу және пәтеріңізді қабырғалары бәрін толық жұтатын және ешқандай толқынды шағылыстырмайтын толықтай дыбыс өтпейтін үй-жайға айналдырып алмау қажет. Дыбыстардың және олардың шағылысуының (жаңғырық) көмегімен адам дыбыс көздерінің орналасқан жерін анықтайды, кеңістікте бағдар табады. Абсолютті тыныштықта жайсыз болады. Сондықтан адам тұратын бөлмелерде тек шуылдақ көршілерден оқшаулану үшін ғана емес, психологиялық жайлылық үшін дұрыс акустика құру маңызды.