Суық шатырды жылы мансардаға айналдыру

30.01.2023

Егер қала сыртындағы үйдің жылытылмаған шатыры болса, оны жылы тұрғын мансардаға айналдыруға болады. Мұны жасау жолы және сақталуы тиіс ережелер туралы ТЕХНОНИКОЛЬ компаниясының «Минералды оқшаулау» бағытының техникалық қолдау жетекшісі Василий Аксенов айтады.

Шатыры суық үйлерде жабық жылы контур жаппа бойымен емес, шатыр мен жоғарғы қабат арасындағы жабын бойымен өтеді. Шатырды мансардаға айналдыру және қосымша тұрғын үй-жай алу үшін жылы контурды үйдің сыртқы құрылмаларына ығыстыру керек, яғни жаппаны жылыту керек. Содан кейін ғана жылытуды жүргізу қажет.

Жұмысқа кіріспес бұрын, жаппа мен шатыр жабынының құрылмасын тексеріп, судан, желден қорғайтын мембрананың орналасуын анықтау керек. Оның қызметі — ішкі үй-жайлардан буды сыртқа шығару және сыртқы ортадан ылғалдың енуіне жол бермеу. Әдетте, мембрана шатыр жабынының астындағы шатыр тіреуіштері үстіне қойылады. Алайда құрылысшылар үнемдеп, оны шатыр астындағы кеңістікке емес, тек жабынға қоюы мүмкін, өйткені оның ауданы еңіс жаппа ауданынан әлдеқайда аз, сондықтан мембрана да аз қажет. Бұл жағдайда жұмыстар қыста орындала алмайды, өйткені жаппаны бөлшектеп, судан, желден қорғанышты монтаждау керек болады.

Жаппаны оқшаулау

Еліміздің көптеген қала сыртындағы үйлерінде жаппалар еңіс болып келеді және оларды жылыту үшін қаңқалы жүйе қолданылады. Бізде жаппа құрылмасы болғандықтан және шатыр тіреуіштері орнатылып қойғандықтан, жұмысты бастау үшін тек астыңғы қаптаманы бөлшектеу керек.

Шатыр тіреуіштері арасында жылу оқшаулағыш төселіп, оның және жаппа жабынының арасында 50-80 мм желдеткіш саңылау қалдырылады. Әңгіме тұрғын үй туралы болғандықтан, экологиялық қауіпсіз және жанбайтын материалды таңдаған дұрыс (ЖМ жанғыштық тобы). Бұл талаптарға жанартау жыныстарының балқымасынан жасалған тас мақта жауап береді. Қаңқалы жүйеге жеңіл маркалы материалдар, мысалы, РОКЛАЙТ тақталары қолайлы. Серпімділігінің арқасында олар көлбеу құрылмаларда оңай бекітіледі. Монтаждау кезінде минералды мақта аздап қысылады, содан кейін ол пішінін қалпына келтіреді және шатыр тіреуіштеріне тығыз, жылу шығып кете алатын саңылауларсыз жанасады. Минералды мақтаның шатыр тіреуіштеріне тығыз жанасуын қамтамасыз ету үшін жылуұстағыштың ені олардың арасындағы қашықтықтан 10-20 мм аз болуы керек. Осылайша, тақталардың стандартты ені 600 мм болса, шатыр тіреуіштерінің қадамы 580-590 мм болуы қажет

Егер шатыр тіреуіштерінің арасындағы кеңістік кішірек болса, тас мақтаны ені тіректердің қадамынан плюс 10-20 мм-ге сәйкес келетіндей етіп кесуге болады. Бұл үшін қол ара немесе толқын тәрізді жүзі бар пышақ қолданылады. Тақталарды қолмен сындыруға болмайды. Бұл біркелкі емес жиектердің пайда болуына әкеледі, олар тығыз түйіспейді, яғни суық көпірлер пайда болады.

Жылуұстағыш төменнен жоғары қарай монтаждалады, тақталар бір-бірінің үстіне ретімен орнатылады. Егер құрылманың биіктігі 3 метрден асса, материал өз салмағының әсерінен шөгіп кетпеуі үшін түсіру алаңдары ұйымдастырылады.

Жылу оқшаулағыш қабаттың қалыңдығын жұмыс басталғанға дейін анықтаған дұрыс. Бұл ретте аймақтың климаттық ерекшеліктерін, құрылманың жылу өткізгіштігін және басқа параметрлерді ескеру қажет. Мұны ТЕХНОНИКОЛЬ сияқты минералды оқшаулағыш өндірушілерінің сайттарында бар жылу техникалық калькуляторларын қолдана отырып жасау оңайырақ.

Жылуұстағыштың қажетті қалыңдығына қалыңдығы 50 және 100 мм тақталарды біріктіру арқылы қол жеткізуге болады. Бұл ретте шатыр тіреуіштері тереңдігінің оларда орналастырылатын жылу оқшаулағышқа сәйкес келуі маңызды. Егер ол жеткіліксіз болса, келесі қабаттарды орнату үшін шатыр тіреуіштеріне көлденеңінен қосымша контртақтайша бекітіледі. Суық көпірлерді болдырмау үшін тас мақтаны бірнеше қабатпен салған кезде, үстіңгі қабаттың тақталарын олар төменгі қабаттың түйіскен жерлерін жабатындай етіп орналастырады.

Жаппа қабырғаға түйісетін түйіндерге ерекше назар аудару керек. Бұл жерлерде жылуұстағыш қабаты қабырға жазықтығымен бірдей болуы керек. Егер ол кішірек немесе жоқ болса, бұрыш қатып, ылғалдана бастайды және уақыт өте келе көгеру пайда болады.

Бу оқшаулағыш және әрлеме

Тас мақтаны орнатқаннан кейін, оны бу оқшаулағыш үлдірмен жабу керек. Ол үй-жайда әрдайым болатын ылғалдың құрылмаға енуіне жол бермейді. Орам көлденеңінен оралып, құрылыс степлерімен шатыр тіреуіштеріне немесе контртақтайшаларға бекітіледі. Герметикалықты қамтамасыз ету үшін кенептер кем дегенде 100-200 мм қабаттастырып төселеді және желімделеді. Дәл осы себеппен жұмыс кезінде абай болып, материалға зақым келтірмеу керек.

Бу оқшаулағышы БЖТ, фанера немесе гипсокартон табақтарымен жабылады, содан кейін фиништік әрлеме жасалады. Кейде үлдірдің үстіне қосымша тақтайша орнатылады, бұл бу оқшаулағыш пен қаптама жабыны арасында саңылау жасайды. Мұнда ішкі коммуникацияларды салуға болады, сонымен қатар бұл үлдірді бұрамашегелермен тесуден қорғайды.

Жабын

Еңіс төбені жылытқаннан кейін, шатырдың жабыны қабатаралық жабынға айналады, ал ондағы тас мақта жылу оқшаулағыштан болашақта тұрғындарды үстіңгі қабаттағы шудан қорғайтын дыбыс оқшаулағышқа айналады.

Шатыр жабынының дұрыс монтаждалған құрылмасы мынадай: астыңғы жақта — бу оқшаулағыш қабат, содан кейін жылу оқшаулағыш және жүрістік тақтайлар түріндегі фиништік жабын. Шатырды мансардаға айналдыруды аяқтау үшін ескі тақтайларды алып тастау, қосымша тегістеуші тақтайшаларды орнату, бастапқы және тазадай өңделген еденді төсеу ғана қалады.

Айтпақшы, жабында жылуұстағыш сапасын тексеруді ұмытпаңыз. Егер ол жаншылған немесе суланған болса, саңылаулар немесе зақымдар пайда болса, оны ауыстыру керек.Лагтар бойынша еден құрылмасына жеңіл материалдар салынады, өйткені оларда тас мақтаға жүктеме түспейді. Мысалы, ТЕХНОАКУСТИК тақталары қолайлы болады.

Барлық жұмысты сауатты орындап, сапалы әрі құрылмаға сай келетін материалдарды пайдаланса, үйде балалар бөлмесін де, кабинетті де, жатын бөлмені де орналастыруға болатын жаңа бөлмелер пайда болады. Бастысы – олар қыстың ең суық күнінде де жылы әрі жайлы болады.

Қарауға кеңес береміз

Мансарданы жылу оқшаулауға арналған ТЕХНОНИКОЛЬ тас мақтасы туралы шыншыл пікірлер